Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Енді жоғары және орта кәсіптік білім алушы студенттер жан-жақтан жинала бастайды. Олардың көпшілігін жатақхана мәселесі толғандырады. Биыл індетке байланысты студенттер үйінде санитарлық талап қандай? Гүлзия Нақыпқызы, тілші: — Бұл студенттік жатақханаға тек дезинфекциялық туннель арқылы өтуге болады. Санитарлық талап сондай. Оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Келесі аптада мұнда бірінші курс студенттері қоныстана бастайды. Жатақхана директоры барлық санитарлық ережелерді қатаң сақтаймыз дейді. Тек бір айдың өзінде санитарлық дәрігерлер, өрт сөндірушілер және білім министрлігінің шенеуніктері осы жатақханаға бірнеше рет бас сұққан. Тексеру мақсатында. Мерей Шәменов, Студенттер үйі дирекциясының директоры: — Қазір барлығы дайын. Орналасуға келгенде Ashyq жүйесі арқылы кіреді. Ашықта көк түс пен жасыл түс болса кіруге рұқсат, ал егер сары не қызыл болса, ол студентті жатақханаға крігізбеуге бізде құқық бар. Бұл бөлмелер төрт адамға арналған. Алайда, санитарлық талаптарға байланысты бір бөлмеде екі студент қана тұра алады. Ал егер жатақхана ішінде індет жұқтырып алған адам болса, ол дереу осы оқшауланған бөлмеге орналастырылады. Ол 20 адамға шақталған арнайы орын. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ауру жұқтырған студенттер жатақханадан уақытша шығарылатынын мәлімдеді. Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: — Жатақханаға орналасу кезінде вакцинацияланған студенттерге басымдық беріледі. Егер жатақханада тұратын студент ауырып қалса, жатақханадан кетуге мәжбүр болады. Себебі бұл басқа студенттерге қауіп төндіреді. Егер ол өзін нашар сезінсе, ол ауруханаға жатқызылып, медициналық көмек көрсетіледі. Вакцинацияланған студенттерге орналасу кезінде басымдық берілетіні туралы ақпарат жатақханада жоққа шығарылады. Бірінші кезекте бөлмелер бірінші курс студенттері мен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға бөлінеді. Жалпы бір ғана елордалық университеттің студенттік үйлеріне 3000-ға жуық адам қоныстануды жоспарлап отыр. Пандемияға дейін олардың жатақханалары 5 мыңға жуық студентті қабылдаған еді. Авторы: Гүлзия Нақыпқызы
Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/494006-studenttik-zhata-khanalar-o-u-zhylyna-dajyn-ba
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на www.24.kz