Студенттер үйінде Құмарбек Қалқатаевпен кездесу өтті

1 курс студенттері 2-семестрдегі білімін аралас форматта (онлайн, офлайн) жалғастыратын болғандықтан студенттер үйіне жайғасуда. Енді студенттеріміздің бос уақытын тиімді пайдалану үшін олардың білімін толықтырып, рухани азық алу мақсатында факультетіміз түрлі шаралар ұйымдастырып, жүзеге асыруды қолға алды. 

Кеше, яғни, қаңтардың 27 күні №6 Студенттер үйінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, қазақ ән өнерінің хас жүйріктерінің бірі, композитор, актер, әйгілі Жәнібек Кәрменовтың шәкірті Құмарбек Қалқатаевпен Журналистика және саясаттану факультетінің 1 курс студенттері жүздесті. Кеш шымылдығын факультет деканы, белгілі алаштанушы ғалым Сақ Қайрат Өмірбайұлы ашты.

Мазмұнды шара қонағы Құмарбек Қалқатаев бала кезінен ән мен жырға, музыкаға құмар болып өскені, бала Құмарбектің балаң қиялы, өнер әлеміне қалай келгені, қазақ өнеріне деген риясыз махаббаты жайлы қатысушыларға сырларымен бөлісті. Алдымен Төлеген Айбергеновтің «Сағыныш» атты өлеңін оқып, «Менің жан-дүнием сағыныштан жаратылған. Мен көнекөз ауыл қарттарын, жанға ыстық туған жерді, қобыздың үнін сағынамын…» деп сағыныш сезімін толғана жеткізді. Біржан салдың, Абайдың әндерін киелі домбырамен күмбірлете орындап, көңіл қылын шертер есті әндерді еске салды. 

Кездесу барысында Құмарбек Қалқатаев өзінің өнегелі өнер жолындағы естеліктермен қоса, студенттермен келелі кеңесімен де бөлісті.

 

Студенттеріміз де саф өнерден кенде еместігін көрсетіп, өнерлерін ортаға салды. Мәселен, ҚЖ-13 тобының студенті Кабдыманапов Досжан Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» күйін нақышына келтіре орындаса, ҚЖ-11 тобының студенті Рақымберді Мақсат М.Шахановтың «Жігерлендіру» атты өлеңін оқып берді. БІ-11 тобының студенттері Нысанқұл Дариға «Қасиетті домбыра» атты өз шығармашылығынан жүрекжарды жырын оқып, Тастанова Алмагүл халық әні «Күміс құман-айды» өз нақышына келтіре орындауымен кеш ажары айшықтала түсті. СЖ-11 тобы студенті Таңатқызы Шуақ ғибратты кездесудің тағылымын айта келе, Құмарбек Қалқатаевқа арнап жазған өлеңін оқып берді.

«Әншінің пірі — Әміре» атты моно-спектаклінде тұңғыш рет Әміре Қашаубаевтың рөлін сомдаған талантты актер ретінде театр өнері туралы да сөз қозғап, бұл өнердің жанына тым ыстық екенін жасырмады. Өнер жолындағы ұстазы Ақселеу Сейдімбекке шәкірт болғанын зор мақтаныш санайтындығын айтып, еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан даңқты механизатор, тың ардагері, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваға арналған «Қазақтың Кәмшаты» атты бір жылға жуық уақыт жазылған әнінің шығу тарихымен бөлісті.

 

Шараға қатысқан факультет деканының студенттермен жұмыс жөніндегі орынбасары Гүлжауһар Болатова да айтулы кештің әсерімен бөлісті. Ғибраты мол жүздесуді қорытындылаған Қайрат Сақ қатысушылардың атынан қонағымызға зор алғысын жеткізіп, «Ұлы дала Ақселеуі» және «Елу деген бір белес» атты кітаптарды тарту етті.

Мұндай жылы жүздесулер студенттер үйінде әрі қарай да үздіксіз жалғасын таппақ.